Медиа

Ақбаян Сұлтанмұратова — медиадағы атақтар, тапсырыспен қаралау, фактчек пен дата-журналистика жайлы

«Сұхбат туралы сұхбат» — «Тілшінің» медиа мен БАҚ жайлы жобасы. Бұл жобада журналистер мен медиа құрылым өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен қателіктері туралы айтады. Оқиғалар мен қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге пікір білдіріп, ой қосады.

«Сұхбат туралы сұхбаттың»  кезекті кейіпкері  «Еуразия» бірінші арнасының тілшісі Ақбаян Сұлтанмұратова.

— Ақбаян, журналистика саласында 20 жылдық тәжірбиеңіз бар екен. Бұл аса көп емес, әрине. Аз деп айтуға да болмайды. Журналистің мол тәжірбие жинауы жазуды жеңілдетеді ме?

— Егер сіз тынымсыз ізденетін, уақыттың ағымынан қалғысы келмейтін маман болсаңыз, 30-40 жылдық тәжірбиенің өзі жазуды жеңілдетпейді. Керісінше, жауапкершілігің арта түседі. Жазу қиындай береді. Өйткені үнемі алдыңа қойған межені көтеріп, өз-өзіңді қамшылаумен боласың.

Мысалы, қазір жұрт ChatGPT, яғни нейрожеліні белсенді түрде қолдана бастады. ChatGPT-тың тілін білмейтін кезде қатты намыстанатынмын. Сөйтсем үйренемін деген кісіге түк қиындығы жоқ екен. Жасанды интеллект арқылы адамның сұраныстарын орындайтын, диалог режиміндегі бұл бот-чат қолымды әжептәуір ұзартты.

Ендігі ойым — дата-журналистика мен фактчекингті үйрену. Әзірше өз бетімше ізденіп, ашық дереккөздегі мәліметтерді қанағат тұтып жүрмін. Жұмыс арасында уақыт тауып, қысқаша курстарға қатыссам деймін. Сенесіз бе, 20-25 жасымда өзіме бәрін білетін адам сияқты көрінетінмін. Олай емес екен. Соған қарағанда, тәжірбие деген нәрсе жазуды тіпті қиындатып жіберетін сияқты.

— Фактчекинг демекші, медиа кеңестікте фейк ақпарат өте көп.  Журналистикадан алыс адамға оны ажырату оңайға соқпайды. Сіз кәсіби журналист ретінде оқырман мен көрерменге қандай кеңес берер едіңіз? Ақпараттың рас-өтірігін қалай анықтауға болады?

— Өзін, мамандығын сыйлайтын әрбір журналист ақпарат таратқан кезде бір немесе бірнеше адамға, мекеме немесе ұйымға  сілтеме жасайды. Яғни, ақпараттың дереккөзі болады. Бұл — журналистиканың алтын қағидасы. Осы қағиданы журналистикаға қатысы жоқ адамдардың да білгенін қалар едім.

Ақпаратты қылғытып жұта беруге болмайды. Дереккөзге мән беріңіз! Тіпті болмай жатса, желіде жарияланған жаңалықтың астындағы пікірлерді ерінбей бір шолып шығыңыз. Қазір мемлекеттік органдар өз тарапына жазылған сынға жедел жауап береді. Әрине, мемлекеттік мекеменің аты — мемлекеттік мекеме. Жазылған жайт, болған оқиғаға олар өз ракурсынан қарауы мүмкін. Қалай болғанда да «ел — құлағы елу». Жазбаның астындағы пікірлерден де қалаған адам өзіне пайдалы ақпарат таба алады.

— Фейк ақпараттан өзге желіде белгілі бір адамдарды ақтайтын, қаралайтын науқандар жиі болып жатады. Кей әріптестің сондай науқандардың бел ортасында  жүретінін байқап қаламыз. Сіз осындай ақылы науқандарға қатысып көрдіңіз бе?

— Ешқашан қатысып көрген емеспін. Маған тіпті ондай ұсыныс жасалған да емес. Ұсынған жағдайда да келіспеген болар едім. Ақша маңызды, әрине. Бірақ  принциптерім анағұрлым қымбатырақ.

Басы дауға қалған танымал адамдарды ақтайтын немесе қаралайтын ақылы науқанға қатысушы журналистерді медиаорта іштей сезіп отырады. Бірақ оны ешкім бетіне баспайды. Білесіз, қазір «жеке шекара» деген  ұғым бар. Ешкімнің жеке шекарасын бұзбауға тырысамыз. Ақылы науқанға қатысу-қатыспау әркімнің өз шешімі. Жазып жатса, қатысып жатса, әркім өз ісіне өзі жауап беруі тиіс.

— Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Ақпарат саласының үздігі», т.с.с. сый-құрмет көрсетіліп жатады. Адамдардың құндылықтары әртүрлі. Біреулерге ол аса маңызды  болмауы мүмкін. Енді біреулер марапатты журналисті ынталандыратын фактор деп санайды. Сіздің пікіріңізді білгім келеді. Сізді жұмысқа не ынталандырады?

— Пафос сияқты естілетін шығар. Бірақ мені адамдардың алғысы ынталандырады. Көктемде су тасыған кезде Ақтөбеге жете алмай, Ырғызда қалып қойдым. Жер-жерде су таси бастаған қысылтаяң кез еді. Сол кезде смартфоныма ойылдықтардан үздіксіз хабарлама келіп жатты. «Шатырда отырмыз», «Мектепті паналап отырмыз», «Тікұшақты күткенімізге пәлен сағат болды» деген хабарламаларды өзім Ойылға жете алмасам да құзырлы органдарға дереу жолдап отырдым.

Көмек күткен адамдарға алаңдап, екі көзімді желіден алмаймын. Ертесіне Ойылда түсірілген видеоның астына біреу «Бізге тікұшақ жіберткен Ақбаян Сұлтанмұратоваға рахмет» деп жазып кетіпті. Ойылға тікұшақ жіберген мен емес. Менің қолымда ондай құзырет жоқ. Жай ғана журналистпін. Суға кеткен жұрт тек маған хабарлама жолдамаған да болар. Ол жағын білмеймін. Бәлкім септігім тиген де шығар. Оны да білмеймін. Мені қуантқан нәрсе — адамдардың ықыласы мен сенімі. Сол жазбаны ата-анама көрсеткенімде олар төбесі көкке жете қуанды.

Бәлкім мақтанды дерсіз, бірақ мен айналамда болып жатқан жайттарға немқұрайлы қарай алмайды екем. Тәрбием сондай. Ата-анамыз бізді «кісіге кесірлерің тимейтін болсын» деп өсірді. Адамдардың алғысы ынталандырады дейтінім сондықтан.

— Сіз  «Еуразия» бірінші арнасының жаңалықтарында қызмет етіп жүрсіз. Репортерсіз. Үнемі оқиға ортасында жүресіз. Ақпарат таратқан кезде ыждағаттылыққа мән бересіз бе? Әлде тексерілген деректерге басымдық бересіз бе? 

— Кез-келген жаңалық қандай да бір оқиға туралы болады. Оқиғаны жаңалық ететін нәрсе — ақпарат. Ал ақпарат деректерге негізделеді. Деректі оқырман мен көрерменге ұсынбас бұрын тыңғылықты түрде тексеріп аламыз. Демек бәрінен де тексерілген ақпараттың маңызы жоғарырақ. Мұны ыждағаттылық аса маңызды емес деп түсінуге болмайды. Ол да өте маңызды.

Интернеттің арқасында шалғай ауылдарда болған оқиғалар сол күні ел арасында жылдам таралып жатады. Пабликтер жарыса жариялап жатқан видеоны кәсіби журналистер сол қалпында таратпайды. «Кім?», «Не?», «Қашан?», «Қай жерде?», «Неге, не үшін?», «Қалай?» деген сауалдарға жауап іздейді. Спикер табады. Телеарна үшін әзірленетін материал болса, видео түсіріп, оны монтаждау керек болады. Меніңше, кәсіби журналист дайындаған контент сапасы бәрібір бөлек болады. Журналистер жаңалықты көрермен мен оқырманның көкейінде сұрақ қалмайтындай деңгейге жеткізеді.

— Сіз әріптестеріңіз әзірлеген материалдарды үзбей оқып, кешкі жаңалықтарды тұрақты түрде көресіз бе? Ақтөбе журналистері несімен ерекшеленеді?

— Кәсібилікке ұмтылатынымен ерекшеленеді. Кешкі жаңалықтарды көріп отырып кейде таң қаламын. Бәрінің жазғаны — бір тақырып. Бірақ оқиғаға әрқайсы әртүрлі ракустен қараған. Бір-біріне ұқсамайтын кейіпкер, қызықты спикер тапқан.

Меніңше, Ақтөбенің журналистеріне кәсібилікке ұмтылудан өзге жол жоқ. Өйткені, бұл 2000-шы  жылдары «Алтын орда» секілді мықты басылым жарыққа шыққан аймақ. Жердің шеті, желдің өтінде отырып-ақ күллі республикаға танылған басылым ашылып, кейін қайта жабыла салған жоқ. Өңірді де, өмірді де өзгертіп кетті.

Кейін «Алтын орданың» негізін қалаушы әріптестер тобы «Ақтөбе» газетінде қызмет етті. Сол кездегі «Ақтөбені» қатты сағынамын. Газеттің «Бұхара» деген айдарына оқырмандардан үздіксіз хат келіп жататын. Кейде тіпті оқып та үлгермейтінбіз.

Кәсібіне адал адамдардың алдында басыңды мойның үзілгенше июге болады емес пе? Өз басым Мейірхан аға Ақдәулетті, Бауыржан Бабажанұлын, марқұм боп кеткен ағаларым Әлімбай Ізбай мен Әмір Оралбайды, «Ақтөбеде» қызметтес болған өзге де аға-әпкелерімді әрдайым ерекше құрметпен айтып жүремін.

— Сұхбатыңызға рахмет! Сізге де сондай құрметке бөленетін күн тусын!

Tilshi Media

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *