Aqtobe Day

Ілеспе газды пайдалы бағытқа бұру мүмкін бе?

Ақтөбе облысында ілеспе газды пайдалы арнаға қалай бұруға болады? Мамандардың айтуынша, тәжірибе бар, бірақ кеңінен қолданылмайды.

Өңірде ілеспе газды пайдалы арнаға бұру тәжірибесі бар. Бірақ, өндірушілердің дені оны пайдалануға асықпайды, деп отыр жергілікті мамандар.

Ақтөбе облысында мұнай Мұғалжар, Байғанин, Темір аудандарында өндіріледі. Байғанин ауданында мұнаймен бірге шығатын ілеспе газды пайдалы арнаға бұру тәжірибесі бар. Алайда, әзірге Темір, Мұғалжар аудандарында жұмыс істейтін компаниялар бұл тәжірибені қолдануға асықпайды. Зардабын жергілікті халық тартады.

Кеңқияқ, Саркөл және Шұбарши – Темір ауданындағы көршілес ауылдар. Үш ауылдағы халықтың жалпы саны 12 мыңға жуықтайды. Осы ауылдарды мазалайтын бір сауал – ұзақ жылдар бойы ауаға тоқтаусыз жанып тұратын ілеспе газ алауының тұрғындар денсаулығына келтіруі мүмкін залалы. Алау ауылға жақын, көзге көрінетін жерде жанып тұрады.

Бұл ретте, мәселенің екінші жағын да атап өту керек. Ақтөбе облысының Темір ауданында мұнай өндіріледі. Ілеспе газ аты айтып тұрғандай ешқайда кетпейді, осы өндіріс кезінде мұнаймен ілесіп шығады. Оны жою мүмкін емес. Әзірге, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұнайдың ілеспе газын ауаға жағып жіберу ғана қолайлы шешім болып тұр.

Дегенмен, алысқа бармай-ақ қояйық. Ақтөбе облысының Байғанин ауданында «Қазақтүрікмұнай» компаниясы ертеректе мұнайдың ілеспе газын құбыр арқылы Жарқамыс ауылына тартып, оның игілігін тұрғындар күні бүгінге дейін көріп отыр. Түрік компаниясы бұл мәселені қалай шешті және оны өзгелер қолдана ма, сәл кейінірек…

Ауыл көшкеннен проблема шешіле ме?

Ілеспе газ зардабын шегіп келе жатқан ауылдардың бірі – Темір ауданындағы Кеңқияқ ауылы. Өңір белсендісі Ардақ Құбашеваның айтуынша, жағымсыз иіс мәселесі ауылдықтарды сонау 80-ші жылдардан бері алаңдатып келеді.

«Әкем кезінде Мәскеуге дейін хат жолдап отыратын. Сол кезде Кеңқияқ, Саркөл ауылдарын көшіру туралы сөз болған. Мәскеуден келген хатта Ақтөбе билігінің өзі бұл ойдан бас тартқан деген сарында жауап болған. Кейін облыс басшысы Сағындықов (Елеусін Сағындықов, 2004–2011 жж. Ақтөбе облысының әкімі – ред.) болғанда да мұндай мәселе арагідік айтылды. Бірнеше жыл бұрын Кеңқияқ халқын көшіру жөнінде бір депутат та айтып қалды. Ақпарат құралдары мейлінше жазды, бірақ өшіртіп тастап отырды», — дейді Ардақ Құбашева.

Кеңқияқ ауылының тұрғыны Ардақ Құбашева. Суретті түсірген Данияр Сағидолла.

Белсенді азаматша кезінде аудан басқарған экс-әкімдердің бірі бұл жақта «экология мәселесі жоқ, керісінше, мұнда курорт салу керек» деп келеке еткенін де еске алады.

«Қазіргі аудан басшылығы бірдеңе шешеді деп айта алмаймын. Өз басым қытай компанияларының басшыларына да жолықтым. «Құбашева ханым, біз өз міндеттемемізді орындадық, меморандум аясында айтқанымызды жасадық, қалғанын жергілікті әкімдеріңізден сұраңыз» деп қайтарып жібереді. Әрине, Ақтөбеде бірдеңе жасалатын болар, бірақ «үлкен үйге керек дүние кіші үйге де керек». Кеңқияққа әлеуметтік нысандар қажет. Мәдениет үйі жоқ. Мүмкіндігі шектеулі балалар бар, оларға орталық керек. Мен тек 14 жасқа дейінгі балалар туралы айтып отырмын. Олардан ересектері де бар ғой», — дейді Ардақ Құбашева.

Кеңқияқ ауылдық округі әкімдігі. Суретке түсірген Данияр Сағидолла.

Ауыл тұрғыны халықтың денсаулық жағдайын тікелей экологиялық ахуалмен байланыстырады.

«Үйіміздің ішінен күлемсе иіс шықса, қандай сезімде боламыз. Ал, бізде далада үнемі сасық күкірттің иісі шығып тұрады. Мұнайшы жігіттер де «апай, кранның суын ішпеңіздерші, ауыз су таза емес» деп үнемі айтып отырады», — дейді ол.

Кеңқияқтағы ауа құрамын анықтайтын қондырғы, алайда тұрғындар мәлімет ала алмайды. Суретті түсірген Данияр Сағидолла.

Кеңқияқ кентінде жергілікті әкімдік ауласында ауа құрамын тексеріп тұратын қондырғы орнатылған. Тұрғындар ондағы мәліметтерді көре алмайтынын айтады. Қондырғыдағы мәлімет облыстық экология басқармасы мамандарына жеткізіледі. Ал, олардың қолындағы мәліметті қарапайым халық біле бермейді.

Саркөлдегі жағдай қалай?

Саркөлдіктер шіріген жұмыртқаның иісіне ұқсас иістің таң ата тарайтынын айтады. Тұрғындардың әбден үйренгені сол, иіс жоқта даладағы шаруаларын реттейді, ал иіс шыққанда есік-терезелерін қымтап, үйлерінде отырады.

Осы Саркөл ауылының тұрғыны, балабақша тәрбиешісінің көмекшісі Динара Алдашева ілеспе газдан тарайтын иістің адам денсаулығына зиян екеніне сенімді.

Динара Алдашева, Саркөл ауылының тұрғыны. Суретке түсірген Данияр Сағидолла

«Таңғы сағат 3–4-терде намазға оянамын. Сол кезде ауылдың іші кәдімгідей сасып тұрады. Марқұм Бердібек Сапарбаев облыс әкімі болып тұрғанда жақын маңдағы алаулардың тек біреуін қалдырып, қалғанын сөндіртті. Сол кезде уақытша болса да, ауылда иіс болмап еді. Саркөл ауылы сайлы жерде, ылдида орналасқан.

Сондықтан иіс біразға дейін тұрып алып, кетпейді. Күкірттің иісі шығады. Сондықтан болар, менің ойымша, ауылда ерекше балалардың саны артып келеді. Бүгінде Саркөл мен Шұбарши ауылдарын қоса алғанда 50-ден астам ерекше бала тәрбиелеп отырмыз. Иістен басымыз ауырады, қан қысымымыз жоғарылайды. Жазда терезе аша алмаймыз. Кейде жазда есіктің алдына шығамыз, кешқұрым иіс қатты сезілмейді. Бастапқыда айтқанымдай, жаман иіс таң ата адам шырт ұйқыда жатқанда тарайды. Бұрын ауыл тұрғындары жазда далада ұйықтай беретін. Қазір ондай жоқ. Қыста иіс қатты біліне бермейді», — дейді Динара Алдашева.

Аудан әкімі жауаптан неге қашады?

Аудан әкімінің ілеспе газ, экология, халық денсаулығы жайлы сөйлескісі жоқ. Тізбектелген мәселелерге қатысты Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаевпен сөйлесуге тырыстық. Өкінішке қарай, мұнайлы ауданның әкімі иіске қатысты, экология және адамдардың денсаулығына қатысты сауалдарға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты.

«Менің құзырымда емес. Мен ештеңе айта алмаймын. Қандай да бір жағдай туындаса, дереу облысқа хабар беремін. Өздері тексереді. Ауданда эколог маман жоқ», — деп қысқа қайырды аудан басшысы.

Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 2010 жылы ірі мұнай компаниялары өндірілген газдың 74,5%-ын пайдаланса, 23,4%-ы алауларда жағылған.

Инфографика авторы Нұрмұхан Қонысбаев

Ілеспе газ – ауыл игілігі үшін

Ілеспе мұнай газ мәселесін «Қазақтүрікмұнай» компаниясы қалай шешті? kmg.kz сайтындағы мәліметке сүйенсек, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС 2007 жылдан бері Байғанин ауданының Жарқамыс елді мекенінің тұрғындарын көгілдір отынмен тегін қамтамасыз етіп келеді.

Мұнай компаниясы үшін ілеспе мұнай газын далаға жағып жібергеннен гөрі көмір жағып отырған шалғай ауылға бұрып, жеткізіп бергені – Жарқамыс ауылының тұрғындары үшін үлкен көмек. Оның үстіне, бұл газды пайдаланғаны үшін жарқамыстықтар ақы төлемейді.

Рас, бұл жерде өндіріс аумағынан ауылдың қашықтығы да ескерілу керек шығар. Дегенмен, Темір ауданындағы кен орындарының Саркөл, Шұбарши және Кеңқияқ ауылдарына «тиіп» тұрғанына көз жеткізу қиын емес.

Аспан көрінісі (түтін, газ) және Саркөл ауылы маңындағы цистерналар
Суретке түсірген Данияр Сағидолла

Дүниежүзілік банктің 2022 жылы ұсынған есебіне сәйкес, Қазақстан соңғы 10 жылда ілеспе газды алауда жағуды қысқартып, үлкен көрсеткіштерге қол жеткізген.

«Заңнаманың қатаң сақталуы арқасында ілеспе газды кәдеге жаратуды ынталандыратын ішкі газ нарығын дамытумен қатар, Қазақстанда алауда жағудың абсолютті көлемі 2012 жылғы 4 млрд текше метрден 2021 жылы 1,5 млрд текше метрге дейін қысқарды», — делінген Дүниежүзілік банктің хабарламасында.

«Мұнай өндіруші елдердің көбісі алауда жағуды және ілеспе газдың шығарындыларын азайту саясатын ұстанады, бірақ барлық тәсілдердің тиімділігі дәлелденген жоқ», делінген аталған баяндамада.

Ілеспе газ қандай өнім?

Ілеспе мұнай газы мұнай өндіру кезінде өндірілетін жанама өнім. Бірақ әрі қарай өңделсе, бағалы шикізат болып шығады. Молекулалық құрамына келер болсақ, ілеспе мұнай газы жеңіл көмірсутектерден тұрады. Бұл, ең алдымен, метан – табиғи газдың негізгі құрамдас бөлігі. Сондай-ақ, оның құрамында ауыр компоненттер – этан, пропан, бутан және т.б. бар.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының мәліметтері бойынша, мұнай өндіруші аймақтар жыл сайын атмосфераға 400 000 тоннаға дейін қатты ластаушы заттарды шығарады, олардың айтарлықтай үлесін ілеспе мұнай газы құрайды.

Мұнайдың ілеспе газы қажетті стандарттарға сай болуы үшін мұнайдан бөлінуі керек. Ұзақ уақыт бойы мұндай газ мұнай компаниялары үшін жанама өнім болып қала берді, сондықтан оны кәдеге жарату мәселесіне көп бас қатырмады. Жай өртей салады.

Экобелсенді не дейді?

Әлем бір орында тұрмайтынын алға тартқан ақтөбелік экобелсенді Айман Сексенова жаңашылдықтарды енгізудің қымбатқа шығатынын да тілге тиек етеді.

Айман Сексенова, экобелсенді, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты.
Суретке түсірген Данияр Сағидолла.

«Экономикалық тұрғыда пайда әкелмеуі мүмкін. Дегенмен, жергілікті қауымдастықтың жағдайын, оларға келетін пайданы да ойлау керек шығар. Қазіргі таңда өндіріске қатысты есеп бергенде экологиялық көрсеткішке мән беру де маңызды. Бәлкім, жаңашылдық көп шығынды қажет етер, дегенмен, олардан қашпау керек. Ғылыми зерттеулерге де ден қойған жөн», — дейді экобелсенді.

Көршілес Ресей қандай практика ұстанады?

Әлемдік тәжірибеге мән берсек, бүгінде мұнай компаниялары ілеспе газды тиімді пайдалану мәселесіне көбірек көңіл бөле бастаған. Солтүстік көршіміз Ресей ілеспе газды кәдеге жарату деңгейін 95%-ға дейін арттырған. Талап орындалмаған жағдайда, мұнай компанияларына үлкен айыппұл салу ескерілген. Бір айта кетерлігі – осыған ұқсас бастама ертеректе Қазақстанда да көтерілді.

2005–2010 жылдары Ақтөбедегі мұнай алпауыты «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы ілеспе газға қатысты көп бастама көтеретін. Ол уақытта ілеспе газға қатысты заң талаптары да күшейтіледі делінді. Өкінішке қарай, мұның барлығы сол күйінде қалды.

Әлемдік практикаға сүйенсек, электр энергиясын өндіру үшін электр станцияларында мұнайдың ілеспе газын пайдалануға болады. Сонымен қатар, ілеспе газды жер қабатына кері айдауға болады, сол кезде қабаттан мұнай алу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Әлемдік көрсеткіш қандай?

Әйтсе де кей деректерге көңіл бөлсек, мұнайдың ілеспе газын утилизациялауға күш-жігер салынғанымен, мұнай өндірісіндегі жанама өнім көлемі жыл сайын артып та келеді. 12 жыл бұрынғы есебінде Дүниежүзілік банк «жыл сайын әлемде 150–170 млрд текше метр көмірсутек жағылатынын» деп хабарлаған. Бұл көлем Германия мен Италияны газбен қамтамасыз етуге жетеді екен. Ал, әлем экономикасына келетін зиян сол кездегі есеп бойынша 50 млрд долларға пара-пар.

Норвегия – мұнай өндіруші елдердің бірі. Бұл елдің экологиялық заңнамасы жетілдірілген. Олар о бастан ілеспе газды ауада жағуды негізгі әдіс ретінде қарастырмаған. Норвегия ілеспе өнімді жер асты қабатына кері айдайды.

Сауд Арабиясы газ қоры жағынан әлемде бесінші орында. Ал, осы газ қорының 60%-ы ілеспе газ. Олар ілеспе газдан этан өндіріп, мұнай химия өнеркәсібіне төменгі бағамен жібереді. Сонымен бірге, ілеспе газды электр энергиясы өндірісіне кеңінен қолданады.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе облысы

Данияр Сағидолла, фото

Нұрмұхан Қонысбаев, инфографика

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Инстаграм

Фейсбук

Телеграм

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *