«Сұхбат туралы сұхбат» – «Тілші» медиа жобасының медиа мен БАҚ жайлы жаңа айдары. Бұл жобада журналистер мен медиа саласының өкілдері өз кәсібінің қыр-сыры, кәсіби ұстанымы мен жіберген қателіктері туралы әңгімелейді. Сонымен қатар, қоғамда қызу талқыланып жатқан оқиғалар мен мәселелерге пікір білдіріп, өз көзқарастарын ортаға салады.
«Сұхбат туралы сұхбаттың» кезекті кейіпкері – журналист, «Ақтөбе медиа» компаниясы директорының орынбасары, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Айгүл Нұркеева.
– Айгүл, сізбен жолығу оңай шаруа емес екен. Бірде іссапарға кетіп бара жатасыз, бірде мәслихаттың кезекті сессиясындасыз, енді бірде газет шығару процесіне белсене кірісіп кеткеніңізді көреміз. Бір жолы сізге хабарласқанымызда подкаст кейіпкерімен сөйлесіп отырғаныңызды айттыңыз. Онсыз да жұмысбасты адамға подкаст не үшін қажет болды? Әлде бұл қосымша табыс көзі ме?
– Подкаст үшін шығармашылық топқа ақы төленбейді. Бұл – жалаң энтузиазммен жасалып жатқан жұмыс. Жаңа медиадағы тенденциялардан қалып қоймау үшін және «Ақтөбе медиа» компаниясының YouTube арнасына көрермен тарту мақсатында подкаст әзірлеуге кірістік. Телевидение саласында тәжірибем жоқ. Әлі де көп нәрсені жете түсінбеймін. Соған қарамастан бұл жоба маған қатты ұнайды.
Мен – жиырма жылдан астам газет журналистикасында еңбек етіп келе жатқан маманмын. Университетті 2002 жылы тәмамдап, содан бері облыстық газетте жұмыс істеп келемін. Газетке мақала жазғанда кейіпкеріңнің эмоциясын дәл жеткізу қиын. Оқырман кейіпкердің энергетикасын, мимикасын мен секілді сезіне алмауы мүмкін. Оның күлкісі, тосылып қалған сәті, қуанышы, мұңайғаны – бәрі маңызды. Тіпті сенің қойған сұрағыңа берген реакциясы да қызық.
Сол себепті біз «Ақтөбе медиа» компаниясының YouTube арнасынан «Ашық mind» жобасын аштық. Орыс тіліндегі сұхбатты өзім жүргіземін. Өйткені шығармашылық адам ретінде үздіксіз дамып, ізденуім керек. Кеше бас редактор болсам, бүгін компания директорының орынбасарымын. Ертең кім болатынымды білмеймін. Оны ешкім де білмейді. Сондықтан бір орында тоқтап қалғым келмейді.
Анық білетінім – егер жаңа нәрсені үйреніп, алға жылжымасаң, көштен қалып қоясың. Мен осыдан қорқамын. Қалай болғанда да, болашақта мені асырайтыны – журналистика. Өйткені 20 жылдан астам уақыт бойы тек журналистикамен ғана айналысып келемін. Одан басқа ешбір кәсіптің қыр-сырына қанық емеспін.
– Сіз университетті бітіргелі бері мемлекеттік БАҚ-та жұмыс істеп келесіз. Ақпарат кеңістігіндегі мемлекеттік БАҚ-тың орны туралы пікірлер әртүрлі. Біреулер редакция саясатының тәуелсіздігіне күмән келтіреді. Енді біреулер журналистика стандарттарының сақталмауына алаңдайды. Сіздің пікіріңіз қандай? Мемлекеттік БАҚ-тың журналисі болу оңай ма, қиын ба?
– Өте қиын. Өйткені қоғам әлі күнге дейін мемлекеттік БАҚ-тың әр сөзін атқарушы биліктің позициясы деп қабылдайды. Әкімдік пен облыстық газетті бір-бірінен ажырата алмайтындар бар.
«Ақтөбе медиа» компаниясына қарасты «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері аптасына төрт рет шығады. Қазақ тіліндегі басылымның апталық тиражы – 15 000, ал «Актюбинский вестник» – 5 000 дана. Шағын ұжым үшін бұл – өте ауқымды жұмыс.
Біздің материалдарымыз баспаға кетпей тұрып әкімдікке жіберіледі немесе әкімдік мақұлдайды деп ойлайтындар бар. Өз тәжірибемде ондай жағдай бірде-бір рет болған емес. Әрине, сыни мақалалар шыққаннан кейін әкімдіктен хабарласып, мән-жайды сұрайтыны рас. Біз сөйлесеміз, талқылаймыз, түсінісеміз. Көтерілген мәселе оң шешімін тауып жататын кездер де болады. Бірақ әкімдікке мақала тексертіп көрмеппіз.
Редакция саясатының тәуелсіздігіне күмәнмен қарайтындар апталық жоспар құрып, жаңа нөмірді талқылайтын жиналыстарымызға қатысып көрсін. Онда жан алысып, жан берісеміз. Өйткені басқа басылым қате жіберсе, оқырман көз жұма қарауы мүмкін. Ал біздің қатемізді ешкім кешірмейді.
Кейбіреулердің «әкім мен президентті ғана мақтайды» деп мемлекеттік БАҚ-ты жақтырмайтынын да білемін. Билік қаржыландыратын болған соң, еркіндік жоқ деп ойлайтын шығар. Бұл – қоғамда қалыптасқан көптеген стереотиптің бірі ғана.
– Стереотип демекші, мәслихат депутаты немесе «Аманат» секілді партияларға мүше болған журналистерді медиа кеңістіктің аса жақтыра қоймайтыны байқалады. Журналистиканың бейтараптық принципі бұзылады деп қауіптенетін сияқты. Сіз депутатсыз, әрі «Аманаттың» белсенді мүшелерінің бірісіз. Мұндай көзқарасты сезінесіз бе?
– Әрине, байқаймын. Өйткені журналист депутат болса, бірден «сатқын» деген мөр басылады. Түсінбейтінім — ол кімді сатты?! Оқырманды ма, мамандығын ба? Әлде жұмыс берушіні ме? Кімді және кімге сатты?!
Біле білгенге, депутат болу мен журналист болудың айырмасы аз. Екеуі де халықпен жұмыс істейді. Депутаттар да, журналистер де қоғамның мұң-мұқтажын тыңдайды, мәселені көтереді.
Бүгінге дейін бетіме басып айтқан ешкім болған жоқ. Дегенмен қоғамда депутаттарға сенімсіздікпен қарайтындар бар. Біреулер «жепутат» дейді, енді біреулер «ұйқыбас» деп келемеждейді. Әйтеуір жерден алып, жерге салады. Бірақ көпке топырақ шашуға болмайды. Мысалы, «журналистердің бәрі ақшаға сатылады» десе, біз ренжиміз ғой. Себебі арамызда кәсібіне адал адамдар өте көп. Дәл сол сияқты депутаттардың арасында да адал ниетпен қызмет етіп жүргендер бар.
Егер осы жүйенің ішінде жүрмесем, мен де басқалар сияқты күмәнмен қарар ма едім, кім білсін?! Қазір бұл жүйені бір кісідей жақсы білемін.
Тек өз атымнан жауап берейін. Мен – жалақыға өмір сүріп жүрген адаммын. Бизнесім жоқ. Мәслихатқа бизнесіме қорған болу үшін барған жоқпын. Арым таза. Сондықтан ұйқым тыныш.
Депутаттардың арасында да мойнына жүктелген міндетке адал қарайтындар бар. 2024 жылғы тасқын кезінде оған көзім анық жетті. Алты айға жуық Марат Оспанов атындағы университеттің жатақханасында орналасқан эвакуация орталығында жұмыс істедім.
Эвакуация орталығы – нағыз стресс ошағы. Өмір бойы жинаған мүлкін су шайып кеткен адамдардың зарын естігенде, жаныңды қоярға жер таппайсың. Сол қиын сәтте жерлестеріміздің көңіліне кірбің түспесін деп, ішер асының дәмді, жатар орнының жайлы болуына мән бердік. Құжаттарын түгендеуден бастап, ауруханаға жатқызу, мектеп пен балабақшаға орналастыру сияқты толып жатқан шаруаны бірге атқардық.
Кейбіреулер бізді Парламент депутаттарымен шатастырады. Бізге олар секілді жалақы төленбейді. Яғни, мәслихат депутаты болу — қоғамдық негіздегі жұмыс. Бұл – бір. Екіншіден, сайлау сияқты саяси науқандар кезінде не мәслихатқа, не «Аманатқа» біржақты қолдау көрсетпеймін. Журналист ретінде барлық партияға тең қараймын. Облыстық газетте олардың әрқайсысы өзіне тиесілі орын алады.
– Сіз «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядан «Медиа және журналистика» мамандығы бойынша білім алып келдіңіз. Оқуыңыз аяқталар-аяқталмастан «Актюбинский вестникке» оралған екенсіз. Бұл өзіңіз өскен ортаға деген махаббат па, әлде өзгеріс жасағыңыз келді ме?
– «Актюбинский вестник» — менің екінші үйім. Маман ретінде осы жерде қалыптастым. Адамдармен қарым-қатынас құруды да осы ұжымда үйрендім. Бәрі үшін деп айта алмаймын, бірақ көп нәрсе үшін осы редакцияға қарыздармын.
Университеттен кейін бес жыл облыстық газетте журналист болып жұмыс істедім. Кейін бас редактор болу туралы ұсыныс түсті. Ол кезде ұжымда аудандық газеттерді басқарған тәжірибелі журналистер көп еді. Мен небәрі 26 жаста болдым. Әріптестерімнің жасы да, тәжірибесі де менен әлдеқайда көп. Қазақы тәрбием тағы бар. Жасы үлкен адамға «мынауыңыз дұрыс емес» деп айту да оңай емес. Бастапқыда моральдық тұрғыдан қиын болды. Сондықтан бәрін ұмытып, тек жұмыс істеуге кірістім.
Уақыт өте берді. Бір күні «Болашақ» бағдарламасының сайтынан журналистерге арналған арнайы бағдарламаны көріп қалдым. Ауыл мектебінің ағылшынымен құжат тапсырдым. IELTS-тен әрең 4 ұпай жинадым. Ол тек тілдік курстан өтуге ғана жетті. Кейін Ньюкасл университетіне түсіп, үш жыл үш күндей тез өте шықты.
2017 жылдың қазанында қайтадан «Актюбинский вестникке» оралдым. Төңкеріс жасау үшін емес, кәсіби деңгейде адал жұмысымды жалғастыру үшін.
Түсінгенім – отыздан кейін алған білімнің орны бөлек. Мектеп бітіре сала университетке түссең, кей нәрсенің қадірін түсіне бермейсің. Уақыттың, мүмкіндіктің қадірін ұғынатын шақта білім алу – үлкен бақыт.
Ұлыбританияда дәстүрлі БАҚ-тың беделі әлі де биік. Локальды журналистика жақсы дамыған. Мысалы, Ақтөбе сияқты бір қаланың Құрмыш сияқты ауданы бар делік. Сондай ауданның өз газеті бар. Халқына жергілікті жаңалықтарды жеткізіп отырады.
Бізде бұл рөлді қазір жергілікті пабликтер атқарып отыр. Бірақ Британияда халық әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттан гөрі дәстүрлі БАҚ-қа көбірек сенеді.
Ал бізде әлеуметтік медиа мен кәсіби журналистиканың арасындағы шекара жойылып кеткендей. Кейбір әріптестеріміз журналистиканы блогерлікке айналдырып жіберді. Telegram-да фейк ақпарат таратып, лас ақша тауып жүргендер де бар.
Меніңше, дәл осындай кезеңде мемлекеттен ақпараттық тапсырыс алатын басылымдар қажет. Совет кезінде билікті сынауға мүмкіндік болмады. Қазір еркінбіз, бірақ енді «демократия», «адам құқығы» деп, байыбына бармай айқайлайтындар көбейді.
Біздің қоғам шын мәнінде демократияға дайын ба, өзі?
– Осы сұрақты сізге қойсам, не деп жауап берер едіңіз?
– Дайын екеніне күмәнім көп. Мен бір ғана мысал айтайын. Есіңізде болса, бір жылы қызылордалық мұғалімдер Стамбулда түнгі клубқа барғаны үшін жұмыстан қуылды. Заңды демалысында, өз қалтасынан ақша шығарып, екі мұғалім Түркияға барған. Олар түнгі Стамбулда серуендеп жүріп, жол-жөнекей клубқа кіреді. Сол жерде қазақстандық трансгендерді жолықтырып қалады. Оның мобилографы үшеуін видеоға түсіріп алады. Сол күні әлгі видео трансгендердің сторисінде жарияланған. Бар болғаны — осы!
Желіде жылт ете қалған бір кадр үшін қоғам мұғалімдерді жерден алып, жерге салды. «Бұлар балаға не тәрбие береді?» деп айқай көтерді. Жеке өміріне араласқан да болды. Мектеп директоры бастаған әріптестері түгелдей теріс айналды. Бәлкім, олар өз кәсібіне адал, білікті мамандар болған шығар? Бірақ оған ешкім бас қатырмады.
Білуімше, мұғалімдер ол жерде спирттік ішімдік ішпеген, темекі шекпеген, бейәдеп сөз айтпаған. Ашық-шашық киініп, ұятты әрекетке барған жоқ. Бірақ біз оларды қолымызға түссе, дарға асуға дайын болдық. Соған қарамастан, өзімізге америкалық, еуропалық демократия құндылықтарын үлгі еткіміз келеді. Бірақ біз әлі де буыны толық бекімеген, тым жас қоғам екенімізді мойындағымыз келмейді.
– Айгүл, журналистикаға қайта оралсақ. «Тілші» өз кейіпкерлерінен жас әріптестерге пайдалы болатын лайфхак сұрауды дәстүрге айналдырған. Айтарыңыз болса, мархабат!
– Мені тыңдасаңыздар, журналистикаға жоламаңыздар! Бакалавр, магистр деңгейінде оқыған маман ретінде айтамын — бұл өте күрделі сала. Есі дұрыс адам журфакқа бармайды! Бұл — арың күн сайын таразыға тартылатын мамандық. Жауапкершілігі көп. Бір күнің бір күніңе ұқсамайды.
Егер бұл салаға келіп қойған болсаңыздар, фактілерді бұрмаламаңыздар! Жоқты бар, барды дардай етпей, қаз-қалпында жазыңыздар! Егер объективті немесе субъективті себептермен ондай мүмкіндік болмаса, мүлде ештеңе жазбай-ақ қойыңыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!